Үкімет басшысы киелі өңірде Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен мемлекеттік бағдарламалар міндеттерінің іске асырылу барысымен, сондай-ақ өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін, әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту және бизнеске қолдау көрсету шараларымен танысты.
Премьер-Министр алдымен Ақтау қаласының «Шығыс-1» шағын ауданында салынған студенттер жатақханасымен танысты. «Жаңа серпін» бағдарламасы аясында 1 313,6 млн теңге қаражатқа салынған 500 орындық жатақханада қазіргі таңда 337 адам орналасқан. Аталмыш бағдарлама аясында жастарды жұмысшы мамандығына дайындап, мүмкіндігінше жұмысқа орналастыру бағытында өңірдегі жетекші кәсіпорындармен арнайы меморандум жасалған. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы аумағындағы кәсіпорындармен 19 меморандумға қол қойылса, «Ерсай Контрактор» ЖШС-не жыл басынан бері монтаждаушы, дәнекерлеуші сынды мамандықтарды иеленген 160 жас маман жұмысқа орналасты. Жалпы, «Жаңа серпін» бағдарламасы бойынша 700-ге тарта адам жұмысқа орналасып, «Арселор Миталл» АҚ, «АЗПМ» ЖШС, «ҚазАвтоЖол», «Капремсервис», «Айком Лтд» ЖШС, «Қазақтелеком» АҚ, «Бикада» ЖШС секілді іргелі кәсіпорындарға дәнекерлеуші, бухгалтер, жүргізуші, электрик, автокран жүргізушісі, геодезист, программист сынды мамандық алған 172 адам іс-тәжірибеден өтуге жіберілді. Жас мамандардың тұрғын үй мәселесін шешуге оң ықпал ететін тағы бір жатақхана жылдың соңына дейін Құрық ауылында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Премьер-Министр жатақхана тынысымен танысып, жұмысты жастардың хал-жағдайын білді.
Үкімет басшысы аралаған келесі нысан – «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мемлекеттің қолдауымен тұрғызылған «Софи Мед Групп» ЖШС көпбейінді клиникасы. Бүгінде мұнда көптеген жалпы және бір жақты бейінді медициналық бағыттар бойынша қызметтер көрсетіледі. 2015 жылы өз жұмысын бастаған клиника 2016 жылдан бастап арнайы дәрігерлік көмек және жоғары технологиялық дәрігерлік қызмет көрсетумен айналысып келеді. Сондай-ақ Үкімет басшысы «Атамекен» ҰКП өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізді. Онда шара қатысушылары мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту, несие ресурстарының қолжетімділігін арттыру, туристік салаға қолдау көрсетудің мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу және өңірде ауыл шаруашылығын дамыту үшін суаруға арналған сумен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Өңірдің бизнес қауымдастығы тарапынан Өңірлік кеңестің төрағасы, «Запказтранзит» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Жаңабай Сүйіндіков, «Қазтеңізтрансфлот» компаниясының бас директоры Марат Орманов, Маңғыстау облысы Туризм қауымдастығының төрағасы, «Каспий холдинг» ЖШС директоры Виктор Кох, «Агророст» фермерлер қауымдастығының төрайымы Нұрсәуле Жиенбаева, «Заман және К» ЖШС және «Салют және К» ЖШС директоры Хажеден Измаилов, «Ақтау халықаралық әуежайы» АҚ атқарушы директоры Ерғазы Жолдасов, «Кезби» ЖШС директоры Бітім Кезбаев, «DeSali design territory studio» ЖШС және «Coffee&People» ЖШС директоры Сәуле Салыхова және «ҚазАзот» АҚ Шағырлы-Шөмішті бөлімшесінің директоры Абзал Меңдібаев сөз сөйлеп, өз пікір-ұсыныстарын ортаға салды. Көтерілген мәселелер бойынша Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек түсініктеме беріп өтті.
Бақытжан Сағынтаев өз сөзінде Үкімет еліміздің бизнес ахуалын жақсартып, отандық бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау жолында жүйелі жұмыстар жүргізіп жатқанын атап өтті. Бүгінде бизнесті қайта реттеу бойынша белсенді шаралар қабылдануда және бизнеске рұқсат құжаттамасының саны шамамен үш есеге қысқартылған. Сондай-ақ түрлі есептемелер мен мәлімдемелердің, негізсіз салық тексерулерінің санын қысқарту бойынша жұмыстар жалғастырылуда. Бұдан өзге, бизнестің мемлекеттік сатып алуларға және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына қолжетімділігін арттыру бойынша көлемді жұмыстар жүргізіліп, еліміздің әрбір жүйе құраушы кәсіпорны бойынша жергілікті қамту көлемін ұлғайтудың мақсатты индикаторларын белгілеу жұмыстары бастау алған. Ал қаржылық қолдау көрсету шаралары бойынша қазіргі таңда мемлекет іске асырып жатқан Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында тиімді мөлшерлеме бойынша 18 млн теңгеге дейін шағын несиелер беріледі.
Премьер-Министр өңір жұртшылығы мен орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар басшыларының қатысуымен Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы кеңейтілген кеңес өткізді.
– Елбасының тапсырмасы бойынша біз өңірлерді аралап жүрміз. Жұмысымыз осы аптада Алматы қаласынан басталды. «ЭЫДҰ-ның Еуразия апталығы-2017: бірге өркендеуге арналған ашық нарықтар» форумына қатысып, 35 елден келген жауапты мамандар мен ғалымдар бизнес пен сауда алаңын дамытудың жан-жақты тетіктерін талқыладық. Мемлекетіміздің басты мақсаты – 2050 жылы дамыған 30 елдің қатарында болу. Ол үшін біз стандарттарға сай болуымыз керек. Бір жылдың ішінде тек ғана Еуразиялық одақ көлеміндегі елдердің арасында сауда-саттық көлемі 30%-ға жоғарылады. Бүгін таңертең маңғыстаулық кәсіпкерлермен кездесіп, шоғырланған ұсыныс, мәселелерді талқылап, шешімін тапқандай болдық. Көптеген жақсы ұсыныстар айтылды. Кейбір мұнайшылардың да кәсіпкерлікке бет бұрып, жеке кәсібін ашқандары мені қуантады. Мен бүгін сіздердің алдарыңызға арнайы келіп, ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдайын, күрмеулі мәселелер болса, бірігіп шешейік деп отырмын, – деді актив жиынында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев.
Жиында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов баяндама жасап, өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту шаралары туралы таныстырды. 2017 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 4,1%-ға ұлғайып, 119 млрд теңгені құраған. Баяндамада айтылғандай, облыстағы жүк тасымалдарының көлемі қаңтар-қыркүйек аралығында 169,7 млн тоннаны құраған. Бұл – 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,5%-ға жоғары көрсеткіш. Биыл Маңғыстау облысының кәсіпкерлеріне қолдау көрсету картасы аясында 450 жаңа тұрақты жұмыс орнын ашумен, жалпы сомасы 71,5 млрд-тан астам теңгеге 7 жобаны жүзеге асыру көзделген. Осы жылдың басынан бері жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге екі жоба қолға алынды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында көліктік инфрақұрылымды дамыту саласында Құрық портындағы паром кешенінің құрылысы жалғастырылуда. «Шетпе-Жетібай-Ақтау», «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан Республикасының шекарасы», «Жетібай-Жаңаөзен», «Ақтау-Кұйылыс», «Форт-Шевченко-Ақтау жолының 43-шақырымы-Қаламқас» және «Форт-Шевченко-Таушық-Шетпе» автокөлік жолдарын реконструкциялау мен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жұртшылық тарапынан Д.Сейбағытов ірі көлік магистралдарын реконструкциялау барысы туралы, «Каспий» тұщыландыру зауытының директоры В.Мурашко тұщыландырылған су көлемін арттыру туралы, Мұнайлы ауданы қоғамдық кеңесінің төрағасы Т.Әміров ауылдық дәрігерлер амбулаторияларын дамыту жайында, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Төлетов өңірдегі экологиялық ахуал туралы және Түпқараған аудандық мәслихатының хатшысы А.Досанова үш ауысымда оқытатын мектептер туралы ой өрбітті.
– Биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша облыс көлемінде Түпқараған ауданы бірінші орыннан көрінді. Ақшұқыр ауылындағы екі мектебіміз де білім сапасы жағынан әрдайым алда. Біз осы сатыдан түскіміз келмейді. Алайда екі мектепте де әуел баста есептелген қуатынан білім ордаларында екі есе бала оқытылып жатыр. Сондықтан да жеделдетіп жаңа мектеп құрылысын бастамаса, үш ауысымды оқытуға көшіп кетуіміз әбден мүмкін. 600 орындық мектептің сметалық құжаттары дайын. Осы мәселені шешуге көмектессеңіз деп сұраймын, – деді А.Досанова.
Басқосуда көтерілген мәселелер бойынша Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, Энергетика вице-министрі М.Мырзағалиев, Денсаулық сақтау вице-министрі А.Цой, Білім және ғылым вице-министрі А.Аймағамбетов және Ұлттық экономика вице-министрі С.Жұманғарин түсіндіріп өтті.
Премьер-Министр облыстың негізгі капиталға салынған инвестициялар мен құрылыс жұмыстарының көлемі секілді даму көрсеткіштері бойынша оң қарқынға ие екендігін, жастар арасында жұмыс орындарын ашу және сақтау қажеттігін, өңірде халық санының қарқынды өсуіне байланысты тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар құрылысын көбейту қажеттігін айтты.
Аймақта «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы жүйелі жүргізіліп келеді, нәтижесінде тұрғын үйлер салынып, 10-ға жуық мектептің құрылысы басталды.
Үкімет басшысы «Казтурборемонт» ЖШС цехында болып, сондай-ақ Құрық ауылындағы паром кешенінің жұмысымен, кешеннің екінші кезеңінің құрылыс барысымен танысып, әлеуметтік инфрақұрылым нысандары мен өнеркәсіптік кәсіпорындарды аралады. Маңғыстауда жасалып жатқан жұмыстар өлкенің тынысының кеңдігін, қадамының қарыштылығын және қуаттылығын айқындай түседі.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы